Инь-Ян

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Тайцзи — Инь-янды бейнелейтін символ

И цзин кітабындағы философияны инь мен ян туралы ілім сипаттайды. Ежелгі Қытай мифологиясында әлемнің екі негізгі бастамаларын (рухтарын) білдіретін инь мен ян ұлы шығарма беттерінде ұғымдық түрге ие болады.

“Инь” сөзінің мағынасы таудың, жотаның, сайдың қараңғы, көлеңкелі жақтарын білдірсе, “ян” сөзінің мағынасы аталған объектілердің жарық жағын білдіреді. Жалпылама түрде айтқанда, ежелгі қытай философиясында инь мен ян ұғымдары әлемнің дуалистік сипатын бейнелейді. Яғни, әлемнің бүкіл заттары мен құбылыстарын екі қарама-қарсы топтарға жіктеуге болады:

Инь тобы Ян тобы
Қараңғы Жарық
Жер Аспан
Әйел Ер
Төменгі Жоғарғы
Ай Күн
Ішкі Сыртқы
Салқын Жылы
Белсенді емес, енжар Белсенді
Тыныштық Қозғалыс

“Инь” мен “Ян” екеуінің дуализмі мен өзара әсері бүкіл әлемдік құбылыстардың мәнін айқындайды. Мұндай қызметті олар адамның өмірі мен парасатты іс-әрәкетіне де, таным процесіне де байланысты атқарады. Инь және ян бүкіл әлемдік хаосты реттеуші бастау болып табылады. Инь, ян ілімін Ұлы жалпы заң деп атайды. Ауысу, өзгеру және толықтыру құбылыстары инь мен янның өзара қатынасқа түсуі нәтижесінде жүзеге асып жатады. Инь, ян ұғымдары жаhандағының бәрі екі қарама-қарсы жақтардан құралғанын бейнелейді, шексіз екі қарама-қарсы жақтар бар. Дүние шексіз, инь, ян бір-бірінсіз өмір сүрмейді.

Инь мен янның өзара байланыстарын, қатынастарын, мызғылмас бірлігін тайцзы (ұлы шек) ұғымы көрсетеді. Ол графикалық түрде монема арқылы көрініс табады. Аталмыш монеманың мағынасын былай сипаттауға болады:

  1. Шеңбер шексіз әлемнің символы болып табылады.
  2. Қара (инь) мен ақ (ян) әлемнің екі қарама-қарсы жақтарын білдіреді.
  3. Инь мен ян мызғымас бірлікті құрайды: әр янда аз мөлшерде инь болады, әр иньде аз мөлшерде ян болады.
  4. Ян өз шегіне жетіп иньға өтеді, ал инь өз шегіне жетіп янға өтеді.

Сонымен, ежелгі қытай философиясындағы инь мен ян туралы ілім әлемнің бірлігін, дуализмін және ұдайы өзгерістерде болатындығын бейнелейді. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Философия” Есіркепова Г.К., Шымкент, 2008.